Қасым-Жомарт Тоқаев: Ешкім елімізді дамытып, көркейтіп бермейді

Жаңалықтар

Әр азамат әз-өзін жетілдіре түсуі тиіс.

Президенттің сөзінше, Қазақстан өз азаматтарына ғана керек, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Біз үшін ешкім елімізді дамытып, көркейтіп бермейді. Қазақстан өз азаматтарымызға, яғни бізге ғана керек. Біз өз мүмкіндігіміз бен күш-қуатымызға арқа сүйеуіміз қажет. Сондықтан ұлт ретінде алға басуға не кедергі болса, соның бәрінен арылып, сапалы ұлт болуға тиіспіз.

Елімізді жаһанға жайылып келе жатқан өзгерістерге дайындап, Қазақстанды кез келген сын-қатерге төтеп бере алатын қуатты мемлекет етуіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі басты миссиям. Бұл – тұтас ұлтымызға ортақ маңызды міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Ұлттық құрылтайда сөз сөйлеген ол бәсекеге қабілетті ұлт жасау жолында аянып қалмау керегін айтты.

– Әр азамат мына бір қарапайым қағиданы терең ұғынуға тиіс: бір орында тұрып қалмай, үнемі өзін жетілдіре білген адам міндетті түрде табысқа жетеді. Бәсекеге қабілетті ұлт дегеніміз – осы.

Біз қолға алған реформалар елдің дамуына зор серпін берді. Қоғамның өзгерістерге деген үмітін оятып, әділдікке деген сенімді қалпына келтірді, – деп сөзін жалғастырды Мемлекет басшысы.