Жасанды интеллектіні қолдану ісінде еліміз зор жетістікке жете алады - Президент

Жаңалықтар

Қазақстан БҰҰ-ның Электронды үкіметтің даму деңгейі жөніндегі рейтингінде 190 мемлекеттің алғашқы 25 елінің қатарында тұр.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану ісінде еліміз зор жетістікке жете алады. Біз қазірдің өзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Электронды үкіметтің даму деңгейі жөніндегі рейтингінде 190 мемлекеттің ішінен алғашқы 25 елдің қатарына кіріп тұрмыз. Бірақ, мұнымен шектеліп қалуға еш болмайды. Жоғары технологиялар экономиканың және мемлекетті басқару ісінің барлық саласын дамытуға тың серпін беріп, алға бастайды", — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет озық цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін қолайлы орта қалыптастыруға арналған жұмысты еселеп күшейтуге тиіс екенін баса айтты.