Президент ілбістерді сақтап, санын көбейтуге тапсырма берді

Жаңалықтар

Қазақстан Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіруге білек сыбана кірісті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзінде ілбістерді сақтап, оның санын көбейтуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Табиғи байлығымен, жан-жануарлар дүниесімен бүкіл әлемге танымал еліміздің биологиялық әралуандығын қорғау айрықша маңызды міндетке айналды. Кеше жұмыс секциясы кезінде "Ауыл" партиясының өкілдері киіктер туралы мәселе көтергенін білемін. Аймақтардан да осыған қатысты өтініштер-хаттар келіп жатыр. Рұқсатсыз аң аулағандарға жазаны күшейту үшін менің бастамаммен 2019 жылы заңнамалық шаралар қабылданды. Осы және басқа да жан-жақты шаралардың арқасында еліміздегі киік саны күрт артты. Қазір оларға жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ", — деді Президент.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы зардап шегіп жатыр. Эпизоотиялық ахуалдың да күрделеніп кету қаупі бар. Жалпы экожүйеге түсетін салмақ артты. Мемлекет басшысы Үкіметке білікті мамандарды жұмылдыра отырып, осы мәселені жан-жақты зерделеуді және байыпты шешім қабылдауды тапсырды.

"Біз Балқаш көлінің айналасында Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік. Бұл – шаруашылық қызметке байланысты шешуге тура келетін көптеген мәселемен қатар жүретін күрделі міндет. Келесі кезекте ілбістерді сақтап, оның санын көбейтуіміз керек", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.