Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында ұлттық киім бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен артық екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тоқаевтың сөзінше, ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Әсіресе, төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек.
Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті, — деді Тоқаев.
Президент мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастағанын ерекше атап өтті.
Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек, — деп түсіндірді МЕмлекет басшысы Тоқаев Ұлттық құрылтайда.