Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды.
Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Бұл жайында бүгін Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Президенттің сөзінше, елде жүргізілген ауқымды реформалардың арқасында Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Сонымен қатар ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Яғни жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды.
ЦИТАТА
Қасым-жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады.