Себебі интернет кеңістігінде Қазақстан туралы әлемнің кең таралған тілдеріндегі ақпараттар көп емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзінде ұлттық цифрлық мұрағат құруды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біз ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық аясында Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын халықаралық тізімдерге енгізуге айрықша мән беріп жатырмыз. Бұған қоса, түрлі ұлттың барша адамзатқа ортақ білім қазынасына қосқан зияткерлік үлесін көрсететін "Әлем жады" тізіміне деректі мұраларымызды енгізу жұмысын жандандыру қажет.
Жаңа заманда біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Көптеген ел өзінің салт-дәстүрі мен қазіргі инновацияларды өзара үйлестіру арқылы дамудың даңғыл жолына түскенін тарихтан көріп-біліп отырмыз. Сол секілді біз де төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейімдеуіміз қажет.
Бүгінгі таңда мәдениет және идеология саласы жасанды интеллектінің ықпалымен түбегейлі өзгере бастады. Бірақ оған толық үміт артуға болмайды", — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, адам факторы әлі де маңыздылығын жоғалтқан жоқ.
"Танымал сервистерге қазіргі заманғы Қазақстан туралы сурет немесе видео әзірлеуге сұраныс берсек, көбінесе шындыққа жанаса бермейтін өнім ұсынады. Себебі жаһандық нейрожүйелер біздің тарихымызды, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді толық білмейді. Әзірге интернет кеңістігінде Қазақстан туралы әлемнің кең таралған тілдеріндегі, әсіресе, ағылшын тіліндегі ақпараттар көп емес.
Үкімет қолда бар орасан зор деректерді, соның ішінде мұрағаттар мен анықтамалық мәліметтерді, ғылыми зерттеулерді, иллюстрациялар мен фотосуреттерді, музыкалық шығармаларды және өнер туындыларын цифрлық форматқа көшіру жұмысын бастап кетті. Ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беру керек", — деп атап өтті Президент.