Алматыда Көрісу күні қалай тойланады?

Жаңалықтар

Алматыда Көрісу күні тойланады, соған орай концерттер, т.б. іс-шаралар жоспарланып отыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

14 наурызда халық Көктөбеде Амал мерекесі — Көрісу күнін атап өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтары қыстан аман шығып, көктем келуімен бірін-бірі құттықтап, жылы жүздесіп, қол алысып, құшақтасып, төс қағысады, үлкендер жастарға бата беріп, жақсылық пен молшылық тілейді.

Сағат 11:00-де Көктөбеде ашық аспан астында "Көктөбедегі Амал күні" атты мерекелік концерт өтеді. Сахнада Роза Рымбаева, Жанар Айжанова, "Жігіттер" тобы, Айгүл Қосанова және "Алатау" дәстүрлі өнер театрының әртістері өнер көрсетеді.

Айта кетейік, 14 наурызда мерекеге орай Көктөбе аспалы жолымен сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін тегін көтерілуге болады.

Алматыда 14-23 наурыз аралығында өтетін Наурызнама онкүндігі аясында 100-ден аса түрлі іс-шара жоспарланған. Олардың ішінде көрмелер, спектакльдер, спорттық жарыстар, танымал өнер адамдарының қатысуымен концерттер және басқа да қызық іс-шаралар бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!