Еліміз жартылай өткізгіштер индустриясына алғашқы қадамын жасады.
Nazarbayev University зерттеушілері еліміздегі алғашқы микропроцессорды әзірлеп, отандық технологиялық даму жолында маңызды жетістікке қол жеткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
NU Инженерия және цифрлық ғылым мектебінің ассистент-профессоры Нұрсұлтан Қабылқастың айтуынша, бұл жоба – тек бірегей әзірлеме ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның жартылай өткізгіштер саласындағы болашағына жол ашатын маңызды қадам.
– Процессорды әзірлеу мен сынақтан өткізуге үш ай уақыт жұмсадық. Біздің қолымызда қарапайым прототип болғандықтан, бейімдеу процесі жылдам өтті. Ең көп уақыт алған кезең – чиптің өндірістік кезеңі болды. Бұл процесті серіктес кәсіпорын жүзеге асырды, ал біз дайын өнімді күтіп отырдық, – дейді ғалым.
Зерттеушілердің айтуынша, микросұлбаны жасап шығару – өте қымбат процесс. Тек сынақтық үлгіні әзірлеудің өзі 100 мың долларға дейін қаражатты қажет етуі мүмкін. Бұл жобаны жүзеге асыру Қытай Ғылым академиясының университеті және Бейжің ашық негізгі кодтар институтымен серіктестік аясында мүмкін болды. Ғалымдар қазақстандық чип дизайнын серіктестердің өндірістік жүйесіне енгізіп, оны тегін дайындауға мүмкіндік алды.
Әзірленген процессор автоматтандырылған құрылғыларда, соның ішінде бағдарламаланатын логикалық контроллерлерде (PLC) қолдануға лайықталған. Бұл құрылғыларға жоғары өнімділік емес, сенімділік пен тұрақты жұмыс маңызды.
Отандық ғалымдар "Designed in Kazakhstan" белгісімен шыққан алғашқы чиптің Қазақстандағы технологиялық экожүйені қалыптастыруға және жартылай өткізгіштер индустриясына ықпалдасуға үлкен серпін беретініне сенімді. Бұл ғылыми зерттеулер, білім беру және инновациялық даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ.