" Атамекен " Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығын алуға өтінім қабылдау басталғанын хабарлады.
Бұл сыйлық өнім мен қызмет сапасын арттыруда айтарлықтай жетістіктерге жеткен кәсіпкерлерге беріледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Конкурсқа Қазақстанның аумағында тауар өндіретін және қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады (қару-жарақ пен әскери техника өндірушілерден басқа).
Байқау номинациялары:
- "Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын";
- "Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын";
- "Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын";
- "Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын";
Сонымен қатар, "Үздік индустриялық жоба" және "Үздік инновациялық жоба" арнайы сыйлықтары қарастырылған.
Байқауға қатысу шарттары:
1-қадам:2025 жылдың 1 шілдесіне дейін cabinet.altynsapa.kz сайтына немесе өңірлік кәсіпкерлер палатасына өтініш беру қажет.
2-қадам: Сауалнама-декларация толтыру.
3-қадам: Конкурсқа қатысушы туралы есепті дайындау.
4-қадам: Өзін-өзі бағалау сауалнамасын толтыру.
5-қадам: Құжаттар пакетін дайындау (заңды тұлғаны тіркеу туралы куәлік көшірмесі, менеджмент жүйесі сертификаттарының көшірмесі және т.б.).
Конкурсқа қатысу туралы толық ақпаратты www.altynsapa.kz сайтынан алуға болады.