Ол Ресей мен Украина арасындағы соғыстың аяқталуын бәрі қалайтынын айтқан.
АҚШ президенті Украинадағы қақтығысты реттеуге байланысты бірқатар мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.
Дональд Трамптың сөзінше, бұл – ақылға сыймайтын соғыс. Мұны Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында атап өтті.
– Барлығымыз бұл жағдайдың аяқталуын қалаймыз. Бұл – ештеңесіз басталған ақылға сыйымсыз соғыс. Мен оны тоқтатуға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Атысты тоқтату – алғашқы қадам. Егер біз Ресейді тоқтата алсақ, толыққанды бейбітшілік орнайды. Мен бұл соғысқа қайта оралу болмайды деп сенемін, – деді ол.
АҚШ президенті осыған дейін Украина басшысы Владимир Зеленскийдің бейбітшілікке келіспегенін еске салды.
– Біз бір нәрсеге жақындап келеміз. Украина мәселесі – әрдайым күрделі тақырып. Бір апта бұрын біз қызықты оқиғаларға куә болдық. Бұған дейін Украина бейбітшілікке қарсы болып көрінген еді. Енді келісті. Алдағы жағдайды бақылап көреміз, – деп сөзін жалғады Трамп.
Ресей президенті Владимир Путинмен байланысы туралы сұраққа жауап берген Трамп оған әлі хабарласпағанын айтты. Дегенмен, Мәскеудің бұл ұсынысқа тез жауап беруін күтетінін жеткізді.
Трамптың атысты дереу тоқтату туралы ұсынысы Ресей үшін тиімді, бірақ белгілі бір қайшылықтар да туындауы ықтимал.
– Мен ешқандай болжам жасамаймын, тек бұл Ресей үшін тиімді болуы мүмкін деп айтамын. Бірақ оның екінші жағы да бар, – деді ол.
Еске салайық, 11 наурыз күні Сауд Арабиясында Украина мен АҚШ делегацияларының кездесуі өтті. Келіссөздер қорытындысында Киев 30 күндік уақытша бітімге келісетінін мәлімдеді, бірақ бұл қадамға Мәскеу де баруы керек.
Бұған дейін Трамп Путинмен телефон арқылы сөйлесуді жоспарлап отырғанын айтқан еді.