Америкалықтардың жартысынан көбі Трампқа сенбейді – Reuters/Ipsos сауалнамасы

Жаңалықтар

Зерттеу екі күн бойы жалғасқан .

Америкалықтардың дені президент Дональд Трамптың АҚШ экономикасын қайта құру әрекеттерін тым тұрақсыз деп бағалап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл елдің негізгі сауда серіктестеріне тарифтер енгізуінен кейін байқалды. Мұны Reuters/Ipsos жүргізген жаңа сауалнама дәлелдеген.

Сауалнамаға қатысқандардың шамамен 57%-ы президенттің саясатын тұрақсыз деп есептейді. Бұл пікір Трамптың импортқа салық салу әрекеттерінің жаһандық сауда соғысын тудырғанына байланысты қалыптасқан.

Америкалықтар АҚШ президентінің бағаның өсуіне қарсы күреске көбірек көңіл бөлгенін қалайды. Ақ үйдің мәлімдеуінше, Трамптың сауда саясатын жүзеге асыру үшін кейбір қысқамерзімді экономикалық қиындыққа төзу қажет. Бұл саясаттың негізгі мақсаты – өндірісті АҚШ-қа қайтару.

Жалпы, сауалнамаға қатысқандардың 44%-ы Трамптың президент ретіндегі қызметін мақұлдайтынын айтқан. Сонымен қатар, қатысқандардың 70%-ы (90% демократтар және 60% республикалықтар) "жоғары тарифтер азық-түлік пен басқа да күнделікті тауарлардың қымбаттауына әкеледі" деп есептейді.

Трамп өзінің саяси мансабы барысында қор нарығының өсуіне де тоқталып өткен. Бірақ ол бұл көрсеткішке аса мән бермеуге тырысуда.

– Нарық кейде өседі, кейде құлдырайды. Біз өз елімізді қайта қалпына келтіруіміз керек, – дейді Трамп.

Экономистер АҚШ экономикасының болашағына қатысты алаңдаушылығын ашық айтуда. JP Morgan инвестициялық банкінің бағалауынша, 2025 жылы АҚШ-та рецессия басталу қаупі – 40% деңгейінде. Сәуір айында Трамптың жаңа тарифтер енгізу жоспары жүзеге асса, ол одан әрі артуы мүмкін.

Ақ үй қазірдің өзінде Қытайдан әкелінетін тауарларға салынатын баж салығын күшейтті.

Сонымен қатар, сәрсенбі күні Канада мен Мексикадан келетін автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасы бөлшектеріне де салықты өсірді. Бұған жауап ретінде Канада мен Еуропалық Одақ АҚШ тауарларына қарсы шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.

Трамптың тарифтік саясатына қарамастан, республикашылдар мен оның жақтастары бұл стратегия ұзақ мерзімді перспективада пайда әкеледі деп сенеді. Сауалнама нәтижелеріне сенсек, республикалықтардың 80%-ы оның экономикалық шешімі түптің-түбінде оң нәтиже береді деп есептейді. Жалпы алғанда, сауалнамаға қатысушылардың тек 41%-ы, ал демократтардың тек 5%-ы ғана аталған саясатты құптап отыр.

Демократиялық партиямен байланысы бар Americans for Responsible Growth ұйымы Трамптың экономикалық саясаты инвесторларға кері әсер етіп жатқанын айтты.

– Трамптың ойындағы тез шешілетін мәселе шын мәнінде үлкен мәселеге айналды. Бұл тек ұзақ уақытты ғана қажет етпейді, сонымен қатар тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін жоғары бағалар, аз таңдау мүмкіндіктері және белгісіздікке алып келді, – деді ұйымның атқарушы директоры Дэйв Уоллак.