Қапшағай су қоймасында демалушыны абайсызда катермен қағып өлтірген адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы облыстық прокуратурасына сілтеме жасап.
Қонаев қаласының соты Қапшағай су қоймасында демалушының қаза табуына байланысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.
Прокуратура мәліметінше, катерді жалға беру қызметін көрсеткен Т. есімді азамат су көлігі қауіпсіздігін өрескел бұзған. Соның салдарынан 23 жастағы ер адам көз жұмған. Оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 344-бабының 2-бөлігі бойынша сараланды.
Тергеу барысында 2025 жылғы 2 шілдеде Т. есімді азамат катермен су қоймасының акваториясына ымырт уақытта шыққаны, әрі жолаушылардың рұқсат етілген санынан артық адам алғаны анықталды.
Соның салдарынан ол шомылып жүрген адамды қағып кеткен. Ол жарақат алып, қайтыс болған.
Мемлекеттік айыптаушы сотта Т. есімді азаматқа үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сондай-ақ үш жыл мерзімге су көлігі саласында қызмет атқару құқығынан айыруды сұрады.
Сот үкімімен Т. есімді азаматқа екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, екі жыл мерзімге су көлігі саласында қызмет атқару құқығынан айырылды. Сотталушы сот залында қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз