Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында финалда ел құрамасынан Сәкен Бибосынов (54 келі) шаршы алаңға шықты.
Отандасымыз финалда ресейлік Вячеслав Рогозинмен қолғап түйістірді. Бірінші раундта төрешілердің екеуі Сәкеннің жеңісіне қолдау білдірсе, қалғаны ресейлік боксшының басымдығын мойындады. Екінші раундта ол қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті. Шешуші раундта да Сәкен жинақы қимылдады. Осылайша ол екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Қазірге дейін отандасымыз Факи Исса Факи (Танзания), Катего Кеорапетсе (Ботсвана), замбиялық Муенго Муале сынды қарсыластарын қапы қалдырды.
Енді ел құрамасынан Оразбек Асылқұлов (57 келі) тәжікстандық Хусравхон Рахимов, Абылайхан Жүсіпов (71 келі) ресейлік Сергей Колденков, Сабыржан Аққалықов (75 келі) ресейлік Исмаил Муцольговпен қолғап түйістіреді.