Бүгін "Қайрат" Чемпиондар лигасы аясында "Олимпиакоспен" кездеседі

Жаңалықтар


Бүгінгі матчта Дастан Сәтпаев алаңға шықпайды.


Бүгін, 9 желтоқсанда Астанада Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің алтыншы туры аясында алматылық "Қайрат" пен грекиялық "Олимпиакос" командалары кездеседі. Астана-Арена стадионыда өтетін матч жергілікті уақыт бойынша 20:30-да басталады. Ойынның тікелей трансляциясын Qazaqstan телеарнасы көрсетеді. Сондай-ақ кездесуді арнаның ресми сайтынан да тамашалауға болады.

Матчтың бас төрешісі болып испаниялық Хуан Мартинес тағайындалды. Қапталдағы көмекшілері – Рауль Кабаньеро мен Иньиго Прието. Төртінші төреші міндетін Хавьер Альберола атқарады. VAR жүйесіне Карлос дель Серро жауапты болса, оның ассистенті – Хавьер Иглесиас Вильянуэва.

Бүгінгі матч алдында "сары-қараларда" бір ұпай, ал грек клубының қоржынында екі ұпай бар. Еуропаның басты клубтық турнирінің негізгі кезеңінде алматылықтар кипрлік "Пафоспен" (0:0) тең ойнап, лиссабондық "Спортингтен" (1:4), мадридтік "Реалдан" (0:5), миландық "Интерден" (1:2) және даниялық "Копенгагеннен" (2:3) жеңіліс тапты.

Турнир кестесінде "Қайрат" 35-орында тұрса, "Олимпиакос" 33-сатыда орналасқан.

Айта кетейік, алматылық ұжым плей-офқа жолдама алу үшін алдағы үш ойында, яғни "Олимпиакос", "Брюгге", "Арсенал" командаларына қарсы матчта жеңіске жетуі тиіс.