Алматы облысында 5 соғыс ардагері тұрады

Жаңалықтар

Солардың бірі Фёдор Ковалёв. Әкімдік өкілдері 98 жасқа келген ардагерді жеңістің 80 жылдығымен арнайы құттықтап барған.

Фёдор Ковалев 1927 жылы Беларусь елінде дүниеге келген. 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, 1945 жылдың тамыз айында кеңес-жапон соғысына қатысады. Жапонияның жеңілісі КСРО-ның Қиыр Шығыстағы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын тездетті.

Фёдор Ковалёв, соғыс ардагері:

- Моңғолия, Маньчжурия аумағын басып өтіп, жапондармен шайқастық. Адам шығыны өте көп болды. Әскери қақтығыстар негізінен түн ішінде басталатын. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталдым.

Фёдор Ковалев соғыс аяқталған соң өзінің туған ауылында комбайншы болып еңбек етті. 1969 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданына қоныс аударады. Ұзынағаштағы ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу орталығында 20 жылдай слесарь, электрдәнекерлеуші болып жұмыс істеп, зейнетке шықты. Соғыс және еңбек ардагері Жамбыл ауданының құрметті азаматы атанып, бірнеше мерейтойлық медальмен марапатталды.

Мейірбек Ерекеев, Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Мемлекет тарапынан қаржылай сыйақы беріледі және дәрігерлер денсаулығын қадағалап, бақылауда ұстайды. Сосын жастар ресурстық орталығы, ауданның волонтёрлары арнайы келіп, тазалық жұмыстарына азық-түлікпен көмек көрсетіп, осындай игі шараларды ұйымдастырып тұрады.

Фёдор Мельянович зайыбы екеуі үш ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде 10 немересі, 10 шөбересі бар. Соғыс ардагері жас ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін жер бетінде бұдан былай соғыс өрті тұтанбағанын қалайды.

Бүгінгі таңда Алматы облысында 5 соғыс ардагері тұрады. Олар Солтанбай Жарықбасов, Тәңірберген Толғанбаев, Әлім Кебіров, Оксана Бетебаева. Жеңістің 80 жылдығына орай әрбір соғыс ардагеріне мемлекет тарапынан 5 млн теңгеден сыйақы беріледі.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов