Әйгілі боксшы Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс Даңқ залына (International Boxing Hall of Fame) енді. Бұл туралы еліміздің Ұлттық Олимпиадалық комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
ҰОК-тің мәліметінше, Геннадий Головкин – мұндай мәртебеге ие болған ел тарихындағы алғашқы спортшы.
ҰОК-тің жазуынша, бұл боксшығы тек жетістіктері үшін берілген марапат емес, бұл – әлемдік бокс тарихында терең із қалдырған әрі шаршы алаңнан тыс жерде де спорттың дамуына ықпал етіп келе жатқан тұлғаның еңбегін бағалау.
"Геннадий Головкиннің есімі енді әлемдік бокс тарихын қалыптастырған ұлы тұлғалардың қатарында ресми түрде аталатын болды", — делінген хабарламада.
Айта кетейік, есімі Халықаралық бокс Даңқ залына енген спортшылардың қатарында Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо сынды даңқты боксшылар бар.
Ал әуесқой бокста 350 жекпе-жек өткізіп, 345-інде жеңіске жеткен, кәсіпқой рингте 45 кездесу өткізіп, 42 рет жеңіске жеткен (37-сі нокаутпен) Геннадий Головкин қазіргі уақытта Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетін басқарады.
Таяуда ол World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайланды.
Сондай-ақ отандық спортты дамытуға сіңірген елеулі еңбегі үшін І дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз