Қазақстандық компания бес елде жасанды интеллект үлгілерін жасайды

Жаңалықтар

Бұл үшін компания америкалық MeetKai компаниясымен серіктестік орнатты.

Қазақстандық QazCode жасанды интеллект компаниясы америкалық MeetKai компаниясымен тілдік модельдердің жаңа буынын бірлесіп әзірлеу және оқыту үшін стратегиялық серіктестік орнатқанын жариялады.

Жаңа технологиялардың арқасында VEON қызмет ететін бес елде – Қазақстан, Өзбекстан, Украина, Пәкістан және Бангладеште – 150 миллионнан астам пайдаланушы қамтитын жергілікті агенттік AI қызметтерін іске қосу жоспарланып отыр. Мұндай ынтымақтастық аймақта қауіпсіз әрі сұранысқа ие AI қызметтерін кеңінен қолдануға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жоба әр нарыққа арналған жергілікті тіл мен коммуникация ерекшеліктерін түсіне алатын модельдер жасауды көздейді. Қазіргі халықаралық шешімдер мұндай тілдер үшін әлі де жеткілікті түрде тиімді емес, бұл оларды медицинада, корпоративтік, мемлекеттік қызметтерде және басқа да маңызды салаларда қолдануды шектейді.

Серіктестік аясында MeetKai модельдерді оқытумен айналысады, ал QazCode деректерді, жергілікті есептік қуаттарды, технологиялардың бейімдеуін қамтамасыз етеді. Әр елдің мәдени және тілдік контекстін дұрыс көрсету үшін іске жергілікті азаматтар да тартылады. Бұл білім беру мен медицинадағы қызметтерден бастап агротехнологиялар мен корпоративтік платформаларға дейінгі жаңа өнімдердің пайда болуына жағдай жасайды, VEON елдеріндегі барлық тілдерде жұмыс істей алатын Aventa сияқты AI агенттері бар қызметтерді дамытуға мүмкіндік береді.

"Жасанды интеллект – өмірдің барлық саласына біртіндеп еніп жатқан өте маңызды технология. Бірақ, бүгінде негізгі ресурстар ең кең таралған бірнеше тілге ғана бағытталған. Біз жұмыс жасайтын елдерде тек сөздерді емес, жергілікті контексті де меңгерген модельдер жасап, жасанды интеллект пайдасын жеткізуді міндетіміз деп санаймыз. MeetKai компаниясымен серіктестік бізге өзіміздің жергілікті деңгейде басқарылатын AI жүйелерімізді құруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде біздің нарықтағы жасанды интеллект дамуына серпін береді", – деді QazCode бас директоры Алексей Шаравар.

Қазақстан үшін бұл келісім жеке ұлттық модельдерді дамытудан халықаралық AI жұмысына қатысуға көшуге мүмкіндік ашады. QazCode бұған дейін KazLLM атты алғашқы қазақ тіліндегі модельді әзірлеп, мықты база қалыптастырд. Бұл жоба 2025 жылғы GSMA Foundry Excellence Award халықаралық сыйлығын алды. MeetKai компаниясымен ынтымақтастық осы тәжірибені кеңінен қолдануға, өңірдегі басқа тілдерге арналған модельдер әзірлеуге және оларды пайдаланушылар мен бизнеске қажетті нақты міндеттерге бейімделуге жол ашады.

"Нағыз егеменді AI – бұл елдердің өз модельдерін қалай құратынын, басқаратынын және енгізетінін өздері анықтауы. QazCode және VEON компанияларымен серіктестік аясында біз 150 миллионнан астам адамды деректер егемендігін сақтайтын және олардың ана тілінде нақты, маңызды құндылық әкелетін ұлттық AI платформаларымен қамтамасыз ете алатынымызды мақтан тұтамыз", – деді MeetKai компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Джеймс Каплан.

QazCode қазірдің өзінде GSMA, Seerkr Technology және Барселона Суперкомпьютерлік орталығы сияқты бірқатар халықаралық серіктестермен жұмыс істейді.


Оқи отырыңыз:

  • Тоқаев "Жасанды интеллект туралы" заңға қол қойды
  • Қазақстанда жасанды интеллект саласының мамандарын қанша ЖОО даярлайды

Жасанды интеллект бизнес жүргізуді қалай жеңілдетеді?