Павлодар облысы Май ауданында екінші жыл қатарынан өткізілген "Түбіртектерді жина – жүлдені ұтып ал!" республикалық акциясының қорытынды шарасы өтті, деп хабарлайды Май ауданы Ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі.
Шараның негізгі мақсаты – кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын арттыру, көлеңкелі айналымды азайту және тұрғындардың салықтық мәдениетін қалыптастыру.
Акция аясында 2025 жылдың 1 наурызынан 31 тамызына дейін аудан тұрғындары жергілікті кәсіпкерлерден алған түбіртектерін жинап, Мемлекеттік кірістер басқармасына өткізді. Қорытынды кезеңде Май ауданы бойынша барлығы 287 қатысушыдан 73 980 түбіртек қабылданып, ережеге сәйкес 3699 купон таратылды (20 түбіртек = 1 купон).
Қорытынды шара мәдениет қызметкерлерінің әсем музыкалық нөмірімен ашылып, одан кейін жинақталған купондар арнайы жәшіктерден шығарылып, барлық қатысушының көз алдында барабанға салынып, жүлде ұтысы өткізілді. Көрермендер арасынан шақырылған балалар барабанды айналдырып, ұтыс иелерін анықтады.
Биыл акция аясында үйге қажетті 55 жүлде ойнатылды. Оның ішінде теледидар, тоңазытқыш, электроплита, микротолқынды пеш, блендер, смарт-колонка, утюг, термос, шаңсорғыш, мультиварка, бензопила секілді көптеген тұрмыстық техника бар.
Қорытынды сөз сөйлеген ұйымдастырушылар түбіртек талап ету – әр азаматтың құқықтық мәдениетінің көрсеткіші екенін атап өтті. Түбіртек алу кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасындағы ашық әрі әділ қатынасты қалыптастырып, бюджет түсімдерінің артуына, сол арқылы мектептер мен жолдардың, әлеуметтік нысандардың сапалы қызмет көрсетуіне ықпал ететіні айтылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз