"Тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек": Тоқаев аудан әкімдерін сайлауға қатысты пікір білдірді

Жаңалықтар

Бүгін ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөз сөйлеген мемлекет басшысы аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралауды тапсырды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар.

"Бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар "аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па" деген мәселені қайта қарауды ұсынуда. Бұл мәселені Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов бастаған депутаттар да көтерді.

Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр.

Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланғанын атап өтті.

"Енді олардың қалай жұмыс істейтінін қарап көру қажет. Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе – аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат: біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек.

Үкімет және парламент депутаттары бірлесіп, осы мәселені жан-жақты қарап, әділетті, дұрыс шешім қабылдауы қажет. Ең бастысы, әрбір реформа салмақты көзқараспен, байыппен жасалуы керек", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз