Алматылық "Қайрат" командасының шабуылшысы 17 жастағы Дастан Сәтпаев UEFA Чемпиондар лигасының тарихында гол салған ең жас үш ойыншының бірі атанды. Бұл туралы 1bol.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Басылымның жазуынша, кеше Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі бесінші турда "Қайрат" сырт алаңда Данияның "Копенгаген" командасымен кездесіп, 2:3 есебімен есе жіберген.
Алайда матчтың 81-минутында Дастан Сәтпаев соққан гол қазақ футбол тарихында ерекше оқиға ретінде тіркелген.
Матч өткен күні футболшының туғанына 17 жас 110 күн болды.
Осылайша, Дастан бельгиялық "Антверпен" шабуылшысы Джордж Иленихенаның (17 жас 119 күн) рекордын жаңартып, Чемпиондар лигасы тарихында гол соққан ең жас үш ойыншының қатарына кірді.
Чемпиондар лигасының тарихында гол соққан ең жас үш ойыншы:
- Ансу Фати ("Барселона") 17 жас 40 күн – 2019 жылы "Интер" қақпасына гол соққан;
- Ламин Ямал ("Барселона") 17 жас 68 күн – 2024 жылы "Монако" қақпасына гол соққан;
- Дастан Сәтпаев "Қайрат") 17 жас 110 күн – 2025 жылы "Копенгаген" қақпасына гол соқты.
Айта кетейік, Дастан Сәтпаев – UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде гол соққан алғашқы қазақ футболшысы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз