Қосылған құн салығының өсуі халықтың әл-ауқатына қалай әсер етеді: Вице-премьер жауап берді

Жаңалықтар

Елде экономиканы диверсификациялау мәселелерін шешу қажет.

Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев қосылған құн салығының өзгеруі халықтың әл-ауқаты қалай әсер етуі мүмкін деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Журналистер спикерден "Азық-түлік бағасы келешекте қымбаттап кетсе, халықтың жағдайы нашарлап кетпей ме? Себебі қосылған құн салығы қымбатшылыққа әсер етуі мүмкін деген де пікірлер айтылады" деп сұрады.

"Өздеріңіз көріп отырсыздар, азық-түлік, қызмет көрсету бағасы ақырындап өсіп бара жатыр. Кейбіреулерінің ақшасы жетеді, кейбірінікі жетпейді. Әрине, мемлекет бұл сұрақтарды бақылауда ұстап отыр. Бұл өмірдің заңы ғой. Өзіңіз түсінесіз ғой. Басында доллардың құны қандай болды? Көбінесе экономиканың дамуына байланысты сұрақтар ғой. Егер біз экономиканың диверсификация мәселелерін шешсек, халыққа жағдай жасасақ. Мысалы, Шығыс Қазақстанда жұмыс істеп жүрген кезде ауылдық жерлерге барғанда дүкендерге барып, мұздатқышты ашқызып, сол жердегі тауарларды тексеріп, қарап шығатынмын. Қатон-Қарағайда көргенімді айтайын, консервіленген қияр болсын, қызанақ болсын, соның бәрі Ресейден әкелінген", — деді Ермек Көшербаев тілшілердің сауалына берген жауабында.

Айтуынша, өңдеу мәселесіне жеткілікті жағдай жасалуы керек.

"Сонда жұмыс істейтін халықтың да саны көбейеді, ақшаны да көбірек алады. Меніңше, осы мәселе бұл сұрақтарды шешеді. Қазіргі жағдайда бағаны қадағалау, бақылау шараларын қолдану керек. Ал қосылған құн салығы мәселесін Мәжіліс депутаттарымен бірге жұмыс тобында талқылап отырмыз. Негізделген шешім қабылданады деген ойдамын", — деді вице-премьер.