Белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай Дублинде және Парижде өткен фестивальде үздік актёр атанды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, 12-22 қараша аралығында Ирландияның Дублин қаласында өткен XIII Silk Road International Film Festival қорытындысы бойынша режиссёр Елзат Ескендірдің "Әбіл" фильмінде басты рөлді сомдаған Ерлан Төлеутай "Үздік актёр" жүлдесін иеленген.
Сонымен бірге Парижде өткен қазақ киносы фестивалінде де актёрдің еңбегі жоғары бағаланып, "Үздік актёр" атанған.
"Бұл отандық кинематография үшін қуанышты әрі маңызды жаңалық. Аталмыш марапат қазақстандық киноға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және отандық актёрлердің кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. "Әбіл" фильмі де, басты рөлді сомдаған актёр де Қазақстан киносының әлемдік мәдени кеңістікте лайықты деңгейде таныла алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді", — делінген хабарламада.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Ерлан Төлеутайға, сондай-ақ фильмнің шығармашылық тобына ұлттық кинематографияны дамытуға және қазақстандық өнерді шетелде насихаттауға қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдірді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз