Тексеруден кейін Қазақстанда 250-ге жуық емшара кабинеті жабылған

Жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген тексеру нәтижесінде еліміздегі 247 емшара кабинеті өз еркімен қызметін тоқтатқан, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

ДСМ-ның мәліметінше, заңсыз медициналық қызмет фактілерін және медициналық көмек көрсету кезінде стандарттардың бұзылуын анықтау үшін республика бойынша жеке емшара кабинеттерін тексеру жалғасып жатыр.

Аралау барысында мониторингтік топтар бұзушылықтармен немесе лицензияларға қажетті қосымшаларсыз жұмыс істеген 406 нысанды анықтаған. Түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін 247 емшара кабинеті өз еркімен қызметін тоқтатқан.

"Санитариялық қағидаларға сәйкес, емшара кабинеттері эпидемиологиялық маңызы жоғары нысандарға жатады және денсаулық сақтау субъектілеріне қойылатын талаптарға сәйкес болуға міндетті", — делінген хабарламада.

Қалған нысандар бойынша тексерулерді ұйымдастыру жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 84 емшара кабинетіне қатысты жоспардан тыс тексерулер аяқталған.

Тексеру барысында мынадай бұзушылықтар анықталған:

● медициналық қызметті лицензиясыз жүргізу;

● санитариялық ережелерді сақтамау;

● дәрілік заттарды дұрыс сақтамау;

● білікті медициналық персоналдың болмауы;

● шұғыл көмек көрсету үшін жиынтықтың болмауы

Жұмыс қорытындысы бойынша 15 млн теңгеден астам сомаға 122 әкімшілік хаттама толтырылған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз