Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев үкімет отырысында Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өртке байланысты қабылданып жатқан жедел шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Вице-премьердің айтуынша, 18 қарашада сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке тұрғын үйде өрт шыққан. Екі қабатты үй толығымен өртке оранып, шатыры ішінара опырылған. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің күш-құралдары дереу жіберілді, өрт сағат 07.22-де сөндірілген.
"Өкінішке қарай, өрт орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы бала. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп, өрттің себебі анықталып жатыр. Әзірге қылмыс құрам жоқ. "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі)", — деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер кеше үкіметтік комиссияның отырысын өткізіп, жерлеу рәсімін ұйымдастыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің туындау себептерін анықтау, сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірқатар тапсырма бергенін атап өтті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз