Көкшетауда үш бала мұз астына түсіп кеткен. Абырой болғанда оларды кездейсоқ куәгер құтқарып қалған, деп хабарлайды Ақмола облыстық ТЖД-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Өңірлік ТЖД-ның мәліметінше, Көкшетауда балалар ойыны қайғылы жағдаймен аяқтала жаздаған.
Белгілі болғандай, Қылшақты өзеніндегі жұқа мұз үстінде ойнап жүрген 2016, 2017 және 2018 жылы туған үш бала кенет мұз астына түсіп кеткен.
"Оқиғаның ауыр зардаптарының алдын алуға куәгердің жедел әрекеті себеп болды. Ол балаларды дер кезінде құтқарып, келген жедел жәрдем бригадасына тапсырған.
Орта дәрежеде тоңу белгілері бар балалар көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Медициналық тексеру және қажетті процедуралардан кейін олар үйлеріне амбулаторлық емделуге жіберілді", — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ТЖД қызметкерлері балаларды құтқарған адамды мемлекеттік наградаға ұсыну үшін іздестіріп жатыр.
"Осы уақытта облыс тұрғындары жұқа мұздың қауіптілігі туралы құтқарушылардың ескертуін елемеуді жалғастырып отыр. Тек соңғы төрт күннің ішінде жұқа мұзға шығу бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Есте сақтаңыздар: мұздың қауіпсіз қалыңдығы бір адам үшін – кемінде 10 см, ал адамдар тобы үшін – 20 см болуы қажет", — деп ескертті ТЖД өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз