Қазақстан мен Өзбекстан президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді

Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Шавкат Мирзиеевке және барша өзбек ағайынға қазақ делегациясына қонақжайлық көрсетіп, ыстық ықыласпен қарсы алғаны үшін алғыс айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Қазақ пен өзбек – бауырлас халықтар, ежелден еншісі бір тату көршілер. Қос халықтың болмысы, салт-дәстүрі, мәдениеті, ділі мен тілі – ұқсас, тарихы – тамырлас. Осы қастерлі құндылықтардың арқасында қарым-қатынасымыз бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатыр. Елдеріміз арасында жоғары деңгейдегі сындарлы әрі белсенді саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық байланыстарымыз жылдан жылға нығайып келе жатыр. Өнеркәсіп саласында әлеуеті зор инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Аймақтық деңгейдегі бірлескен іс-әрекеттерді дамытуға, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән беріп отырмыз. Бұған қоса, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы да тереңдей түсті. Осы сапарымның басты мақсаты – бауырлас халықтар арасындағы достық пен тату көршілікті бекемдеу, сан қырлы ынтымақтастықтың жаңа жолдарын ашу, түптеп келгенде, қазақ-өзбек қарым-қатынастарын жаңа сапалы деңгейге көтеру", — деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі уағдаластықтар екі елдің ұлттық мүдделеріне сай келеді әрі халықтарымыз арасындағы мызғымас достықты, тату көршілікті, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты көрсетеді.

"Қазақстан Президенті ретінде Өзбекстанмен көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға басымдық беру міндетім деп санаймын. Кейбір сарапшысымақтар айтып жүргендей, Қазақстан мен Өзбекстан – бақталас та, бәсекелес те емес, керісінше, өркендеу жолында тізе қосып, қатар келе жатқан стратегиялық серіктес, сенімді одақтас. Халықтарымыз бір-бірін шынайы құрмет тұтатын жақын бауырлар, достар", — деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиеевтің екіжақты қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтеруге және әлемнің Орталық Азияны достық пен бірліктің аймағы ретінде тануына үлкен үлес қосқанын атап өтті.

"Президент Мирзиеевтің қуатты басшылығымен Өзбекстан көптеген салада тамаша жетістіктерге жетті, дүние жүзіне табысты дамып келе жатқан ел ретінде танылды. Ауқымды реформалардың нәтижесі орнықты экономикалық өсімнен, халықтың әл-ауқатының артуынан, қалалардағы қарқынды өзгерістерден және қоғамның барлық бағытындағы сапалы дамудан көрінеді. Өзбекстан әлемдік аренадағы өзінің орнын нығайтып, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосты. Қазақстандықтар бауырлас өзбек халқына шынайы қолдау көрсетіп, жетістіктеріне қуанады", — деді мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан мен Өзбекстан тұтас аймақтың дамуын көздейтін өңірлік берік стратегиялық альянс қалыптастырғанын айтты. Сондай-ақ келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелері талқыланып, елдеріміздің сан қырлы ықпалдастығын одан әрі дамытудың басымдықтары белгіленгеніне тоқталды.

"Негізгі қорытынды – өзара уағдаластықтар және стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайту мен тереңдетуге күш салу. Ортақ мақсатқа қол жеткізуде екіжақты сауданың орны ерекше. Кейінгі кезеңде екі ел арасындағы тауар айналымының жыл сайынғы көлемі тұрақты түрде 4 миллиард доллардан аса қаржыны құрайды. Бұл – үкіметтеріміздің дәйекті жұмысы мен бизнестің тікелей диалогының нәтижесі. Дегенмен сауда-саттықты арттыруға әлі де айтарлықтай әлеует бар", — деді ол.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп, автокөлік шығару, құрылыс секторы, энергетика салаларында соңғы жылдары айтарлықтай табысқа қол жеткенін атап өтіп, тараптар бұл бағыттағы ынтымақтастықты кезең-кезеңімен кеңейту жұмыстарын жалғастыруға келіскеніне тоқталды.

"Ауыл шаруашылығы саласындағы байланыстарды нығайту басым міндет ретінде белгіленді. Аталған бағытты өрістетуге Қазақстан мен Өзбекстанның жеткілікті ресурстары бар, өнеркәсіп және кадр әлеуеті де жоғары. Елдеріміз өз мүмкіндіктерін біріктіру арқылы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтағы орнын күшейте алады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар жоба, соның ішінде бидай мен ет-сүт өнімдерін өңдеу мәселелері пысықталуда. Агросектордағы бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге келістік", — деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, іскерлік топтар арасындағы байланыстарды одан әрі кеңейту қажет.

"Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 6 мыңнан аса кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты арттыруға, өзбек бизнесінің өркен жаюына қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Өңірлер арасындағы ықпалдастықтың күшеюі – оң үрдіс. Бұрынғы Өңіраралық форум Өңір басшыларының кеңесі ретінде қайта құрылып, ұдайы қызмет атқарады. Бұл шешім біздің ниетіміз бен осы құрылымға артқан үмітіміздің қаншалықты салмақты екенін байқатады", — деді мемлекет басшысы.