Қылмыс жасап, жазасын толық өтегендер де оқу орындарына күзетші болып орналаса алмайды .
Қазақстанда мектеп пен балабақшалардағы күзетшілерге тексеріс жүргізілмек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.
Ресурстың хабарлауынша, Оқу-ағарту министрлігі күзет қызметін жүзеге асыру үшін біліктілік талаптарын бекіту туралы бастаманы көтерді. Енді балаларға қатысты қылмыс жасап, жазасын толық өтегендер де оқу орындарына күзетші болып орналаса алмайды.
Қазақстанда енді күзетшілер де жаппай тексеріледі. Елімізде білім беру мекемелеріне қызмет көрсететін күзет агенттіктерінің жұмысына қатысты жаңа талаптар енгізілуі мүмкін. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұдан былай балаларға қатысты әкімшілік немесе қылмыс жасап, жазасын өтеген азаматтар мектеп пен балабақшаларға күзетші болып жұмысқа кіре алмайды. Шенеуніктер пікірінше, кәмелетке толмағандарға буллинг жасап немесе ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсеткер адамдар білім беру мекемелеріне жолатылмайды.
"Күзет агенттіктері білім беру мекемелерімен жұмыс істегісі келсе бірнеше бақылаудан өтеді. Күзетшілер ішкі істер органдарының базасы арқылы тексерістен өтеді. Яғни, біз де мемлекеттік қызметке орналасқанда жақындарымыздың арасында істі болғандардың бар-жоғына назар аударылады. Сол сияқты балаларға қатысты қандай да бір ұсақ қылмыс жасағандар мектепті күзете алмайды", — деді Оқу-ағарту министрлігінің басқарма басшысы Тимур Қастуғанов.
Жаңа талаптарға сәйкес күзет агенттіктерінің қызметтік қару ұстауға рұқсаты болуы тиіс. Сондай-ақ, салығы толық өтелуі керек. Ал бұл мәселеде қоғам өкілдерінің пікірі әр түрлі. Бірі жеңіл қылмыс жасап жазасын өтегендерге екінші мүмкіндік беру керек дейді. Екіншілері жаңа бастаманы қолдайды.
"Әрине, балаларға қарсы қылмыс жасағандарды мектеп пен балабақшаға жұмысқа жіберуге болмайды. Бірақ басқа мекемелерді күзетуге жіберу керек. Ол адам түзелуі мүмкін. Ол адам жұмыс істеп, ақша табуы керек. Тіпті, бізде кадр тапшылығы да туындауы мүмкін", — деді күзет агенттігінің өкілі Виктор Теперев.
Тиісті өзгерістер жария талқылауға ұсынылды.