Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Саргулов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің жолдарындағы жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Саргуловтың айтуынша, жыл басынан бері 29 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Жол апаттарының негізгі себептері өзгеріссіз қалып отыр: жылдамдықты арттыру, қарсы жолаққа шығу, мас күйде көлік жүргізу, жаяу жүргіншілердің жолды тиісті емес жерден кесіп өтуі.
"Тағы бір себеп – көлік тәртібінің төмен деңгейі. Жыл басынан бері полиция 12 млн-нан астам жол қозғалысы ережесін бұзу жағдайын анықтады. 21 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталып, 25 мыңнан астам адам көлік жүргізу құқығынан айырылды. 21 мың адам әкімшілік қамауға алынды, 401 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынды", — деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз