БҚО өзендері арнасынан аспайды деген болжам бар

Жаңалықтар

Орал өңірінде көктем биыл ерте шықты. Облыстың жарты аумағында қар толық еріді. Солтүстік және шығыс аудандарда қалған қардың қалыңдығы небәрі 15-20 см. Күзгі топырақ ылғалдылығы қалыпты деңгейден 65%-ке төмен болғандықтан, мамандар биыл өңір өзендерінің арнасынан аспайтынын болжап отыр.

Мағжан Жұмабаев көшесінде тұратын Сырым ағамыздың көктемде қолынан күрегі түспейді. Кешке дейін үйге кірместен қыраттан аққан судың жолын ашып, жылғаларды аршиды. «Әр тұрғын есік алдындағы арықтарды тазаласа, ешбір үйді су баспас еді», – дейді ол.

Сырым Оразов, Зашаған кентінің тұрғыны:

- Көшелерге арық салады ғой. Арық беттерін үйлерге, гараждарға машина кіру үшін жабады. Қазір арықтың бәрі бітеліп жатыр. Неге десеңіз, беттерін жапқан жерлер ұстап жатыр. Ол үстіне барып мұз қатады, қоқыс жиналады, целлофан қапшықтар. Енді соларды жөндесе, су бағытымен ағып кетеді.

«Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз». Наурыз басталғалы өңірдегі ауа райы құбылмалы болып тұр. Апта соңына қарай күн жылып, сынап бағанасы оңтүстік аудандарда +18, Орал қаласында +14 градусқа дейін көтеріледі деп болжанып отыр. Осыған байланысты барлық коммуналдық мекемелер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Тасқынға қарсы штаб құрылып, жедел желі іске қосылды. Соңғы үш күнде тұрғындардан 81 өтінім түсіп, аулалар мен көшелерден 17,5 мың текше метр су сорылды. Оның басым бөлігі Зашаған кентіне тиесілі.

Асылжан Хайруллин, Зашаған кенттік округі әкімінің орынбасары:

- 40-тан астам арнайы техника қар шығару, су сору жұмыстарында жүріп жатыр. Сонымен қатар 40-тан астам адам жұмылдырылды. Қазіргі уақытта кент аумағына 85 мыңнан астам текше метр қар шығарылған болатын және де 9 мың текше метр су сорғызылды. Ең алдымен су басу қаупі бар аумақтардан.

Аптаның аяғына дейін аймақтағы қар толық еріп бітеді. Топырақтағы күзгі ылғалдың нормадан 65% аз болғанын ескерсек, Шаған, Деркөл, Шідерті, Шыңғырлау және тағы басқа кіші өзендер қауіпті деңгейден аспайды. Бұл «Қазгидромет» мамандарының болжамы.

Тілеген Шапанов, «Қазгидромет» РМК БҚОФ директоры:

- Кіші өзендерде, Жайық өзенінің салаларында су деңгейі орташа және жоғары деңгейге жақын келеді деп болжанып отыр. Ешқандай да ол өзендерде қауіпті деңгейден асатын деген болжам жоқ. Жайыққа келетін болсақ, 3,2-5,2 млрд су келеді деп болжанып отыр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2024 жылы 11 млрд текше метрден астам су келген болатын. Яғни биылғы болжам 2-2,5 есеге аз болып отыр. Сәйкесінше Жайық өзені Орал қаласында максималды су деңгейі 550-650 см болады деп күтіп отырмыз. Қауіпті деңгей 850 см.

Дәл қазір Орал қаласы тұсында өзен деңгейі 172 см. Яғни қысқы деңгейден әлі көтерілмеген.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов