Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирінде жартылай финалға шыққан алғашқы қазақстандық теннисші атанды

Жаңалықтар

Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирінде екінші кездесуін өткізді.

Қазақстандық теннисші Серена Уильямс тобында әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен кортқа шықты.

Бұған дейін қарсыластар өзара он рет кездесіп, соның алтауында Швентек басым түскен еді.

Бірінші партияда Швентек басымдылық танытты — 6:3. Бұдан кейін Елена дес бермеді — 6:1, 6:0. Бір сағат 38 минутқа созылған матчта Рыбакина 5 эйспен бірге 7 брейік-пойнттың бесеуін пайдаланды. Осылайша, Елена Рыбакина жылдың қорытынды турнирінде өз спорттық жолында алғаш рет жартылай финалға мерзімінен бұрын шықты.

Алғашқы кездесуде Рыбакина Аманда Анисимованы екі сетте жеңіп, енді топта екі жеңіспен көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетейік, турнир Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтіп жатыр. Жарыста әлемнің ең үздік 8 теннисшісі сынға түсуде.