Қыста Қазақстанда ауа райы қандай болады: синоптиктер болжамы

Жаңалықтар

Биыл қазан айы астаналықтар үшін әдеттегіден жылы болды. Ал қыс мезгілінде ел тұрғындарын қандай ауа райы күтіп тұр? "Хабар" арнасының тілшілері алдағы қысқа арналған ауа райы болжамын синоптиктерден біліп қайтты.

Синоптиктердің сөзінше, қазанның екінші жартысында ауа температурасы климаттық нормадан бірнеше градусқа жоғарылаған. Сондықтан елорда тұрғындары мен қонақтары таза ауада көбірек уақыт өткізуге мүмкіндік алды. Бұл қалып әрі қарай да сақталады.

31 қазанда күн бұлттанғанымен, сынап бағанасы 14 градусқа дейін көтеріледі. Бірақ қарашаның алғашқы күнінде-ақ, күн райы суып, жерге алғашқы ақ ұлпа түсуі ықтимал. Жел екпіні де күшейе түседі. Секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

Ал қыс маусымына болжам қандай?

"Қыс мезгілі қоңыржай, жылы болады деп күтілуде. Бірақ кей кезеңдерде ауа температурасының жиі өзгеруіне байланысты қар жамылғысында мұз қабыршығы жиі пайда болуы ықтимал. Желтоқсан айында ауа температурасы еліміздің басым бөлігінде климаттық норма шамасында болады деп күтілуде. Еліміздің солтүстік батысында нормадан жоғары, ал қиыр шығысында нормадан төмен болмақ", — дейді "Қазгидромет" РМК ұзақмерзімді ауа райы болжамдары басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекова.

Осылайша, синоптиктердің болжамынша, қыста ауа райы негізінен қалыпты болады. Желтоқсан мен қаңтарда елдің көп бөлігінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында сақталады.

"Тек шығыс өңірлерде ауа райы сәл салқындау болып, ал таулы аймақтарда қар көбірек түсуі мүмкін. Ақпан жылдағыдан жылырақ болады",– дейді "Қазгидромет" мамандары.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз