Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Ақорда.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысына сапары "Қорқыт ата" халықаралық әуежайының жаңа терминалымен танысудан басталды. Президентке әуежай қызметі, ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсету процесі жөнінде баяндалды.
Мемлекет басшысына жолаушыларды тіркеу және тексеру аймақтары, шекаралық-кедендік бақылау пункттері, күту залы, сондай-ақ автоматтандырылған жүк беру жүйесі көрсетілді.
Жаңа терминал былтыр қараша айында ашылған. Жобаға 16,6 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция салынды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізуге 4,3 млрд теңге бөлінді.
Нысан Халықаралық азаматтық авиация комитеті (ICAO) мен Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.
"Қорқыт ата" әуежайынан Air Astana, FlyArystan және Qazaq Air әуе компаниялары аптасына 29 рейс орындайды. Қазіргі кезде терминал жанынан "Қазаэронавигация" РМК жаңа диспетчерлік мұнара мен әкімшілік-техникалық ғимараттың құрылысын жүргізіп жатыр.
Жобаның іске асуы Сыр өңірінің көлік инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, туристік әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын да арттыруға оң септігін тигізеді.
Ақорданың хабарлауынша, президент алдағы уақытта өңірдегі бірқатар өндіріс орнын, инфрақұрылым және әлеуметтік нысандарды аралап көреді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз