Жасанды интеллект қарқынды дамып, қоғам цифрлық дәуірге бет алған кезде рухани құндылықтарды сақтау бұрынғыдан да маңызды. Осы мәселе Алматыда өткен Рухани келісім күніне арналған республикалық форумда талқыланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Форумның басты тақырыбы – "Рухани келісім – Қазақстандағы бірлік пен бейбітшіліктің негізі". Іс-шараның мақсаты – конфессияаралық диалог дәстүрлерін дамыту, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қорытындыларын талқылау, сонымен қатар аймақтар арасында өзара құрмет пен толерант көзқарас қалыптастыру.
Форумға 300-ге жуық адам қатысты: мемлекеттік құрылым өкілдері, діни ұйым жетекшілері, ғалымдар, сарапшылар және студенттер. Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов қоғамды біріктіретін рухани құндылықтарды сақтау – бүгінгі күннің басты міндеті екенін айтты.
"Цифрлық орта жаңа буынның дүниетанымын қалыптастырады. Сол кезде адамгершілік құндылықтарды сақтау өте маңызды. Рухани келісім – абстракт ұғым емес, елдің тұрақты дамуының нақты негізі", – деді ол.