"Өзен арнасын өзгерткен": ШҚО-да заңсыз алтын өндірудің тағы бір дерегі анықталды

Жаңалықтар

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ҰҚК департаментімен бірлесіп, Самар ауданы аумағындағы "Кенқарын" учаскесінде жер қойнауын өз бетінше пайдалану және бағалы металдарды заңсыз өндіру дерегін анықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құзырлы орган мәліметінше, күдіктілер жер қойнауын пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнама талаптарын бұзып, екі жыл бойы тиісті лицензиясыз заңсыз алтын өндіріп, "Құлынжон" өзенінің арнасын өз бетінше өзгертті деген айып тағылды.

Осы әрекеттің салдарынан табиғатқа келтірілген залал көлемі 82 млн теңгеден асқан.

Тексеру барысында ауыр арнайы техника (жүктиегіш, самосвал, экскаватор) және өнеркәсіптік жабдық тәркіленді.

Ұйымдастырушы 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда.

ҚМА өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпаратты жария еткен жоқ.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз