Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері 2025 жылғы 1 қазанға дейін елімізде қанша адам өндірісте жарақат алғанын және қаза болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардан 934 жұмыскер зардап шегіп, оның 133-і қаза тапты. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақат алу жағдайы 2024 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда 3,4 пайызға төмендеді.
Биыл 9 айда өндірістік жарақаттану коэффициенті – (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,13.
Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында 103 адам, ШҚО-да 89 адам, Павлодар облысында 68 адам, Ақтөбе облысында 64 адам, Атырау облысында 48 адам зардап шеккен. Сондай-ақ Алматы қаласында 51 адам зардап шекті.
Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 17,4 пайыз және құрылыс саласында – 10,2 пайыз.
Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (34,2 пайыз); жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (33,6 пайыз); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (8,5 пайыз); жол қозғалысы ережелерін бұзу (7,8 пайыз).
Ведомство мәліметінше, еңбекті қорғау фактілерінің бұзылушылықтары бойынша құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғаларды тергеудің 730 материалы жіберілді, соның негізінде 211 қылмыстық іс қозғалды.
Қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мен өндірістік жарақаттануды азайту үкімет пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі.
Соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,7 пайызға түсті.
Профилактика мен бұзушылықты алдын алу мақсатында еліміздің 3262 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.
2019 жылдан бастап Министрлік тарапынан "Нөлдік жарақат — Vision Zero" тұжырымдамасын жетілдіру болйынша белсенді жұмыс атқарылуда. Оған бүгінде 610 кәсіпорын қосылды.
Құрылыс объектілерінде бас мердігердің объектідегі еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша барлық қосалқы мердігерлерге жауапкершілігі мен бақылауын көздейтін бақылаудың тікелей моделін енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл бақылау моделін республиканың 318 кәсіпорны енгізді.
Сонымен қатар, "Онлайн еңбек консультанты" электронды сервисі іске қосылды. Ол жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында қашықтықтан өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін еңбек заңнамасының сақталуының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сервис жұмыс берушінің еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзіндік тексеруден өтуін қарастырады. Сервис іске қосылғалы бері 50 125 жұмыс беруші оны пайдаланды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз