Әлем кубогы: волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы үздік үштікке енді

Жаңалықтар

9-18 қазан аралығында АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында өткен волейболды отырып ойнаудан әлем кубогында Қазақстан ерлер құрамасы қола жүлдегер атанды. Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Қола жүлде үшін өткен кездесуде қазақстандық спортшылар АҚШ құрамасын 3:1 есебімен (25:23, 25:18, 15:25, 25:23) жеңіп, турнирдің үздік үштігіне енген. Кубокты Мысыр командасы иеленсе, күміс жүлдені Бразилия құрамасы жеңіп алған.

Топтық кезеңде Қазақстан ұлттық құрамасы Италия (3:0), Польша (3:0), Канада (3:0), Франция (3:0), Таиланд (3:0) және АҚШ (3:2) командаларын жеңіп, өз тобынан бірінші орынмен шыққан.

Жартылай финалда біздің спортшылар Мысыр құрамасынан 0:3 есебімен жеңіліп, қола медаль сарапқа салынған матчта АҚШ құрамасымен қайта кездесіп, сенімді жеңіске жеткен.

Айта кетелік, әлем кубогына 14 ерлер және 6 әйелдер құрама командалары қатысқан. Бұл турнир – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиадаға іріктеу кезеңіне маңызды рейтингтік ұпай беретін жарыстардың бірі.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз