Елорда сотының ғимаратында төтенше жағдай болды. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көтергіш құрылғы істен шығып, мүгедектігі бар әйел адам жарақат алды, деп соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Патриот" Telegram-каналының хабарлауынша, оқыс оқиға әйел адам сот ғимаратына кіріп бара жатқанда болған. Анықталғандай, құрылғы бекітпелерінен ажырап, арбадағы әйел шамамен бір метр биіктіктен бетон қоршауға, кейін жерге құлап түскен.
"Әйелдің беті бетон қоршауға соғылған. Қасындағы көмекшісі құлаудың алдын ала алмаған. Жедел жәрдем қызметі жарақат алған азаматшаны ауруханаға жеткізді", — делінген хабарламада.
Соттың баспасөз қызметі төтенше жағдай тростың үзілуінен болғанын растады. Алдын ала себепті «Капитал Лифт» ЖШС қызмет көрсетуші компаниясының өкілдері анықтаған.
Астана соты төтенше жағдай ауданаралық сот ғимаратында болғанын растады.
"Алдын ала себеп бойынша оқыс оқиға тростың үзілуінен болған. Оны оқиға орнына келген "Капитал Лифт" ЖШС қызмет көрсетуші компаниясының өкілдері анықтады. Сот отырысына келген әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем шақырылған. Қазіргі уақытта ол ауруханада, есін біледі. Полиция оқиға туралы хабардар. Барлық мән-жайды анықтау мақсатында Астананың Есіл ауданы бойынша тергеушінің қатысуымен тексеріс жүргізіліп жатыр", — деді сот өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз