Грекияда 13 сағаттық жұмыс күніне қарсы наразылықтар басталды

Жаңалықтар

2025 жылғы 14 қазан күні Афинада 13 сағаттық жұмыс күніне қарсы ауқымды наразылық шаралары өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Politico басылымының жазуынша, қала орталығындағы алаңдарға жүздеген адам жиналған. Олар Грекияның мемлекеттік сектор қызметкерлері кәсіподағының Жоғарғы кеңесінің шақыртуына үн қатқан. Бұл кеңес Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған жаңа заң жобасына қарсы шыққан.

Аталған министрлік жұмыс күнінің ұзақтығын 13 сағатқа дейін ұзартуға рұқсат беруді ұсынған. Ал наразылық білдірушілердің пікірінше, адамдар күніне жеті сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Олар сонымен қатар жалақыны көтеруді және еңбек құқықтарын жақсартуды талап етуде.