Қарағанды облысы да тасқынға дайындықты күшейтті, деп хабарлайды 24KZ. Қазір 150 елді мекенде қар шығару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жауапты мамандар: «Аталған жұмыстарды уақыт оздырмай аяқтауымыз керек», – дейді. Өйткені синоптиктердің болжамы бойынша 15 наурыздан бастап өңірде күн күрт жылынады.
Биыл Қарағанды өңірінде қар қалың. Бүгінге дейін елді мекендерден 1 млн текше метрден астам қар шығарылды. Соңғы апта бұл жұмыстар күшейтілген режимде жүріп жатыр. Бұдан бөлек, өзен арналары мен арықтар және су өткізгіш құбырлар тазартылып жатыр. Аймақтағы ірі Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларында су ағызу жылдамдығы секундына 10-15 текше метрге жетті. Алдағы күндері бұл көлем артуы мүмкін.
Думан Дәлешов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Наурыздың 6-сынан бастап облысқа қарасты өзендерде мұз жару жұмыстары басталды. Бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр. Ал жару жұмыстарын жүргізуге ыңғайсыз аумақтарды бұрғылап жатырмыз.
Нұршат Қайыр, Қарқаралы ауданы ТЖБ бастығы:
- Қарқаралы ауданында 8 ауылдық округ, оның ішінде 14 елді мекеніміз бар. 14 елді мекен жаңағы су басу қаупі бар тізімге енгізілген болатын. 2025 жылдың көктемгі су тасқынына алдын алу және болдырмау мақсатында 2024 жылы жазғы-күзгі инженерлік жұмыстарға 9 іс-шара анықталды. Ол 9 іс-шара бойынша барлық жұмыстар атқарылды. Ол дегеніміз – бөгеттерді орнату немесе орнатылған бөгеттерді нығайту жұмыстары.
Қарқаралы ауданындағы су басу қаупі жоғары елді мекеннің бірі – Қаракөл ауылы. Осыдан оншақты жыл бұрын бірнеше үйді су басып, біраз шығын келген еді. Содан бері жыл сайын тасқынға қарсы шаралар атқарылады. Биыл құтқарушылар елді мекенді айналдыра 300 метр бөгет тұрғызды. Сонымен қатар 500 тоннаға жуық құм толтырылған қап дайындаған.
Орынбасар Апақашев, Қаракөл ауылының тұрғыны:
- 5-6 жылдың көлемі болды мынау су ағатын «мостылар» үлкейтілді. 2 «мост». Дайындалып жатырмыз, Алла біледі енді қалай болатынын. Бүкіл су осы ауылдың үстімен өтеді.
Өңірінде бүгінге дейін 20 шақырымнан астам өзен арнасы мен 26 шақырымға жуық дренаждық және су бұру жүйелері тазартылды. Бұл жұмыстар 20 наурызға дейін аяқталуы тиіс. Өзен-көлдердің бетінде әлі мұз қалың, дегенмен ондағы су деңгейін мамандар әр 4 сағат сайын тексеріп отыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев