Қазақстанда 2026 жылы электрондық денсаулық паспорттары іске қосылады

Жаңалықтар

Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау шеңберінде электрондық денсаулық паспорттары іске қосылады. Жоба туралы үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Министрдің айтуынша, трансформацияның негізгі элементі – осы жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарланған Медициналық деректердің бірыңғай сақтау қоймасы.

Оның негізінде 2026 жылы азаматтар өздерінің электрондық денсаулық паспорттарына толыққанды қол жеткізе алады.

Жасанды интеллект технологиялары қазірдің өзінде отандық клиникаларда инсульт, өкпе, сүт безі обыры және пневмонияны анықтау үшін КТ, МРТ және рентген суреттерін талдау кезінде белсенді қолданылады. Бірқатар медициналық ұйымда дәрігерлерге тексеру нәтижелерін жылдам талдауға көмектесетін ЖИ-көмекшілер жұмыс істей бастаған.

"Жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайтынын, керісінше оның мүмкіндіктерін күшейтетінін, медицинаны барлық азамат үшін заманауи әрі қолжетімді ететінін атап өткен жөн", — деді Ақмарал Әлназарова.

Министрдің мәліметінше, қазірдің өзінде цифрландырудың айтарлықтай нәтижесі көріне бастаған. Ақпараттық жүйелердің интеграциясы медицина қызметкерлеріне жүктемені 40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Пациенттерді цифрлық сәйкестендіру кеңейтіліп, оның нәтижесінде 8 ай ішінде медициналық қызметтерді артық тұтыну көрсеткіші 6,7 млрд теңгеге төмендеген, ал іске қосылған бірыңғай төлем жүйесі ақауларды анықтау дәлдігін 4 есеге арттырған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз