Титан импланттар толықтай Қазақстанда жасалуы мүмкін

Жаңалықтар

Үкімет отырысында қаралған республиканың ғылыми әлеуеті туралы тарқатсақ. Титаннан жасалған импланттар медицинада кеңінен қолданылады. Енді бұл өнімдер толықтай Қазақстанда жасалуы мүмкін. Жанбайтын әрі балқымайтын электр кабелі қазір экспортқа да шығырыла бастапты.

Қазақстан титан өндірісі бойынша әлемдік нарықта алғашқы ондыққа кіреді. Біздің өнім кеме жасау ісінде, аэроғарыш, мұнай-газ және медицинада кеңінен қолданылады. Оны негізінен шикізат түрінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция тағы басқа елдерге экспорттаймыз. Кейін содан жасалған дайын өнімді қымбат бағаға қайта сатып аламыз. Мәселен, жыл сайын медициналық имплант алуға 1 млрд теңге жаратылады екен. Өскемендік ғалымдар оны өзімізде жасап шығара бастапты.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Сол титаннан медициналық бұйымдар жасауды жөн көрдік. Титан – биологиялық инертті материал. Яғни денеге кіріктірілгенде реакция бермейді, шірімейді. Жалпы Шығыс Қазақстан техникалық университеті титаннан 20-дан астам бұйым шығаратын болды. Оның екеуі сертификаттаудан өткенін айттық. Тағы төрт бұйым клиникалық тестілеудің ақырғы кезеңдерінен өтіп жатыр.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Бұл тек жоба ғана емес, нақты іске асып жатқан ғылыми жаңалық. Министрліктің мәліметінше, қазірдің өзінде 25 адамның омыртқасына операция жасалыпты. Жоба авторлары бұл үлкен істің басы ғана, — дейді.

Астанадағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы осы бұйымдарды клиникалық тестілеуден өткізіп, жамбас, омыртқа басқа да ем түрлерін қоса алғанда 91 операция жасапты. Өнертапқыштар аталмыш өнімге деген ішкі сұранысты бірнеше жылда толыққанды жабуға дайынбыз,- дейді.

Отандық ғалымдар жанбайтын кабель шығарды

Министр сондай-ақ жанбайтын әрі балқымайтын электр кабельді таныстырды. Оны отандық ғалымдар мен жергілікті кәсіпорын бірлесіп шығарған.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Мен осылай жарты сағаттай кабельді жағып тұрдым. Бұл кабель жанбайды. Былтыр кабельдердің бірінші үлкен партиясы экспортқа кетті. Қазір «Өзбекстан темір жолдары» ұлттық компаниясы осы кабельдерді қолданады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Соңғы жылдары отандық ғылымды дамытуға оңтайлы жағдай жасалып келеді. 6 жыл ішінде оны республикалық бюджет есебінен қаржыландыру көлемі 6 есеге ұлғайып, биыл 252,5 млрд теңгені құрады. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейін арттырған жөн. Әрбір институттың немесе жоғары оқу орнының ірі кәсіпорындардан өз серіктесі болуға тиіс. Олар оқу орнына тапсырыстар беріп, шығыстарды бірлесіп қаржыландыруы керек.

Айта кетейік, Қазақстанда қазір 425 ғылыми ұйым жұмыс істейді. Ал салада 25 мың ғалым еңбек етеді. Олардың жетекшілігімен 2 мыңнан астам ғылыми жоба іске асырылуда.

Ердәулет Ыбырайұлы, Дархан Күнтуов