"Ескерткіштің салтанатты ашылуы болады" деген ақпаратты алғашқы болып ресейлік БАҚ таратқан.
Аталған жайтқа қатысты Алматы қаласының мәдениет басқармасы түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желілерде саясаткер Владимир Жириновкийдің туғанына 80 жыл толуына орай Саранск және Алматы қалаларында ескерткіш орнату жоспарланғаны туралы ақпарат тарады.
– Баспада бар құжатқа сәйкес, Владимир Жириновскийге арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, сәуір-мамыр айларында ескерткіштердің салтанатты ашылуы өтеді, – делінген еді хабарламада.
Осыған байланысты ресми басқарма түсінік берді.
– В.Жириновскийге ескерткіш орнату туралы өтініш түскен жоқ. Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия тиісті ұсынысты қарастырған жоқ, – деп жауап берген Алматы қаласының мәдениет басқармасы.
ЛДПР басшысы Владимир Жириновский 2022 жылы 76 жасында қайтыс болған еді. 1946 жылы Алматыда дүниеге келген саясаткер тірі кезінде Қазақстанға қатысты бірнеше даулы мәлімдеме жасаған болатын.
Бұған дейін 2016 жылы Мәскеуде Жириновскийге арналып, биіктігі 3 метр болатын алып ескерткіш қойылды.