Талдықорғанда жеке сот орындаушысы тергеуге алынды. Ол балаларға тиесілі алиментті жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Жетісу облыстық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құзырлы орган мәліметінше, ол алимент төлемдерін өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша заңды түрде борышкерлердің жалақысынан сомаларды ұстап қалу туралы қаулы шығарып, жұмыс берушілерге жіберген.
Борышкерлердің жұмыс берушілерінен ақша түскеннен кейін ақшаның көп бөлігін өзіне қалдырып, қалғанын алимент өндіріп алушыларға аударған.
Мысалы бір жағдайда сот орындаушысы борышкердің жалақысынан 2025 жылдың сәуір айынан өндіре бастаған. Жұмыс беруші сәуірден маусымға дейін жеке сот орындаушысының шотына 570 мың теңгеден астам сомаға алимент төлемдерін аударған.
"Сот орындаушысы алынған соманың 170 мың теңгесін ғана өндіріп алушыға аударып, қалғанын жымқырған. Тексеру кезінде белгілі болғандай, ол осыған ұқсас схеманы бірнеше рет қолданып, оның көмегімен 2 млн теңгеден астам соманы қалтасына салған", — делінген хабарламада.
Талдықорған қаласының прокуратурасы өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша жеке сот орындаушысына қатысты Қылмыстық кодекстің 251-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз