Талғар ауданында бұрынғы прокурорлар мен полиция қызметкерлері оқушыларға сабақ бере бастады

Жаңалықтар

Жаңа оқу жылынан бастап пилоттық режимде Алматы облысы Талғар ауданындағы мектептер мен колледждерде құқықтық мәдениет сабақтары өтіле бастады. Оған 10 мектеп пен 3 колледждің 7,5 мыңнан астам оқушысы қамтылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Жоба мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Заң және тәртіп" бастамасы аясында қолға алынды.

"Сабақтарды арнайы дайындықтан өткен бұрынғы құқық қорғау органдары мен прокуратура қызметкерлері – тәлімгерлер жүргізеді. Олар тек құқықбұзушылықтың алдын алумен ғана шектелмей, сондай-ақ тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жеке жұмыс жүргізеді. Балалардың ерте жастан өз құқықтары мен міндеттерін түсініп, заңды құрметтеуді және жауапты шешім қабылдауды үйренуі аса маңызды", — дейді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Бағдарлама 36 сабақтан тұрады. Олар жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінген: 7–8-сыныптар, 9–10-сыныптар және колледж студенттері. Әр топқа шынайы өмірлік жағдайларға негізделген, жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктерін ескеретін тоғыз тақырыптық сабақ әзірленді.

Оқу-әдістемелік материалдарды "Өркен" балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының мамандары дайындады. Сабақтарда бала құқықтары мен міндеттері, мектептегі дезадаптация, буллинг пен кибербуллинг, үйден қашу және қаңғыбастық, вандализм, зорлық-зомбылық, психобелсенді заттарды қолдану және лудомания сияқты өзекті мәселелер қарастырылады.

Сабақтар оқу жылының бірінші және үшінші тоқсандарында екі аптада бір рет өткізіледі.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз