Қарағанды облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны қызметкерлері "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу іс-шарасы аясында заңсыз жолаушылар тасымалына қарсы ауқымды рейдтер өткізуде, деп хабарлайды Zakon.kz.
ІІМ мәліметінше, лицензиясыз және техникалық байқаудан өтпеген көліктер бақылауға алынды. Әсіресе Toyota Alphard, Estima, Honda Elysion, Mercedes-Benz Sprinter, Volkswagen Sharan секілді жолаушы тасымалдауға жиі пайдаланылатын көліктер ерекше назарда.
Екі күн ішінде 24 автокөлік айыптұраққа қойылды. Тексеру барысында мынадай өрескел заң бұзушылықтар анықталды:
- көлікті заңсыз қайта жабдықтау;
- лицензиясыз жолаушылар тасымалдау;
- техникалық ақауы бар және техникалық байқаудан өтпеген көліктерді пайдалану;
- қауіпсіздік белдігін тақпау, жол белгілерін сақтамау;
- рөлде отырып телефон қолдану.
"Мұндай құқық бұзушылықтың барлығы – адамдардың өміріне төнген тікелей қауіп. Заңсыз тасымалдың салдары қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін", – деді Қарағанды облысы ПД патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.
Бұған дейін Маңғыстау облысында жол апатынан 10 адам қаза тапқанын жазғанбыз. Оқиға салдарынан сегіз адам оқиға орнында, тағы екі адам ауруханаға барар жолда көз жұмды. Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Кейіннен белгілі болғандай, 10 адам Бекет Ата мешітіне зияратқа бара жатқан.