Ақтөбеде 69 жастағы дәрігердің жантүршігерлік өліміне қатысты басты сот процесі басталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Диапазон" басылымының жазуынша, белгілі нефролог-дәрігер Абай Айсағалиев 2025 жылғы 23 мамырда жоғалып кеткен. Оны бүкіл қала болып – еріктілер, полиция және тұрғындар қосылып іздеген. Араға бір апта салып дәрігердің денесі табылды. Кісі өліміне 31 жастағы жергілікті тұрғын күдікті ретінде танылды.
11 қыркүйекте Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотта дәрігердің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Бастапқы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы бұл қылмыстың егжей-тегжейін жария етті.
"31 жастағы Нұрсұлтан Ш. – айыпталушы – диализ орталығында жұмыс істеген, Абай Айсағалиевпен жақсы таныс болған. Ол дәрігердің жалғыз тұратынын, банк шотында ірі сомада ақшасы бар екенін білген. Екеуінің арасында сенімді қарым-қатынас қалыптасқандықтан, нефролог одан планшетке банк қосымшаларын орнатып беруді өтінген. Осылайша айыпталушы болашақ құрбанының ақшасы туралы барлық ақпаратқа, ПИН-кодтар мен құпиясөздерге қол жеткізген", – деп жазады басылым.
19 мамырда айыпталушы дәрігердің Астанаға көзге ота жасатуға баратынын білген. 24 мамырда дәрігер Ақтөбеге оралған, сол түні (25 мамырға қараған түнде) айыпталушы оның үйіне түнгі сағат 12-де келген. Үй иесі ештеңеден күдіктенбей, оны ішке кіргізген.
"Одан кейін ең сұмдығы басталған: айыпталушы асүйде дәрігерді үш рет пышақтаған, ол құлаған соң балтамен басынан екі рет ұрған. Абай Айсағалиев жарақат салдарынан қайтыс болғаннан кейін, айыпталушы оның қол-аяғын байлап, басына пакет кигізіп, денесін мұздатқышқа салып қойған. Мұздатқыштың есігін скотчпен мықтап орап тастаған. Сосын өлген адамның телефонын, планшетін, ноутбугін, банк картасын рюкзакқа салып, пәтерден шығып кеткен. Кейін банкоматтарға силикон маска киіп барып, дәрігердің шотынан бірнеше рет ақша алған", – делінген мақалада.
Прокурордың айтуынша, 27 мамырда айыпталушы хабарландыру арқылы жүк көлігін жалдап, мұздатқышты №8 гараж кооперативіне жеткізуді өтінген. Жүк көлігінің жүргізушісіне және көмекшілерге мұздатқышта ет бар деп айтқан. Біраз уақыт өткен соң, ол басқа көлікпен мұздатқышты мәйітпен бірге үйіне апарған.
Ол марқұмның шотынан 5 млн теңгеден астам ақша алған. Ұрланған мүлікті қосқанда, жалпы шығын көлемі 7 млн теңгені құраған.
Сот отырысында айыпталушы бұл қылмыста пайдакүнемдік ниет болмағанын айтып, айыбын жеңіл бапқа қайта саралауды және істі алқабилер қатысуымен қарауды сұрады.
"Менің әрекетімде ешқандай пайдакүнемдік ниет болған жоқ. Мен өзім-ақ ауқатты адаммын. Өлтіру алдын ала ойластырылған жоқ. Өзімді ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартқан жөн деп есептеймін (қазіргі айып – 99-баптың 2-бөлігі 8-тармақ және 188-баптың 3-бөлігі). Істі алқабилермен қарауды сұраймын. Сонымен қатар марқұмның туыстарынан кешірім сұрағым келеді. Шын жүректен өкінемін, кінәмді мойындаймын", – деді айыпталушы сотта.
Сот отырысына журналистер де қатысқан, алайда айыпталушы өзінің бетін түсіруге тыйым салған. Оның адвокаттарымен қатар, қоғамдық қорғаушы ретінде анасы да сотқа қатысуда.