Қазақстанда мұғалімдер мен дәрігерлер әскери қызметтен босатылады. Олар әскерге шақыруға дейін жұмыс орнынан анықтама өткізуі қажет, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы басылымға Павлодар облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Бекзат Оразов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2023 жылдан бері Павлодар облысында әскери комиссариатқа көшеден немесе жұмыс орнынан әкетудің бірде-бір жағдайы болмаған. Барлығына шақырту жіберіледі. Бұрын шақыртулар хат түрінде үйлерге жеткізілсе, қазір цифрландыру әскери салаға да әсер еткен.
"Біз байланыс операторларымен меморандумға қол қойдық. Әр адамның смартфонында SIM-карта бар, соған шақырту хабарламалары жіберіледі", — деді Бекзат Оразов.
Егер шақырылушы жұмыс істеп жүрсе, шақырту қағазы тікелей жұмыс орнына, басшысына жіберіледі.
Қазақстанда мұғалімдер мен дәрігерлерге өз саласында жұмыс істеп жүрген кезеңінде әскерден босату құқығы қарастырылған. Бұл жеңілдік қала және ауылдағы білім беру мен медицина саласының қызметкерлеріне бірдей қолданылады.
"Бұрын тек ауылдық мұғалімдер мен дәрігерлер ғана кадр тапшылығына байланысты әскерден босатылатын. Енді адам әскерге шақырылғанға дейін жұмыс орнынан анықтама әкелген жағдайда ғана кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Шақырудан кейін анықтама қабылданбайды", — деді Бекзат Оразов.
Анықтама Ғылым және жоғары білім министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі арқылы тіркеліп, бұйрық нөмірімен рәсімделуі тиіс.
Еске сала кетейік, әскери қызметтен жалтарғандарға 4 млн теңгеге жуық айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз