Қазір ол қамауға алынды.
Филиппиннің бұрынғы президенті Родриго Дутерте Манила әуежайында ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Родриго Дутерте 2016 жылдың маусымынан 2022 жылдың маусымына дейінгі аралықта елді басқарды. Халықаралық қылмыстық сот оны тұтқындауға санкция беріп, адамзатқа қарсы қылмыстар жасады деп айыптады. Құқық қорғаушылардың сөзінше, Дутерте билікте отырған жылдары есірткі саудасына қарсы күрес кезінде мыңдаған филиппиндік қаза тапты.
BBC жазуынша, осыған дейін экс-президент сот алдында жауап беруге дайын екенін айтқан.
"Таңертең Маниланың Интерполы Халықаралық қылмыстық соттан қамауға алу туралы ордердің ресми көшірмесін алды. Қазіргі уақытта Дутерте қамауда отыр", — делінген президент кеңсесінің мәлімдемесінде.
Оның адвокаттары бұрынғы президент заңсыз қамауға алынды деп отыр.
Родриго Дутерте бірнеше рет есірткі сатушыларға күш қолдануға шақырып, үш есірткі сатушыны өзі өлтіргенін жеткізген.
79 жастағы Дутерте өткен күзде Оңтүстік Минданао аралындағы Давао қаласының мэріне үміткер болғысы келетінін мәлімдеді. Ол бұл қызметті елді басқарғанға дейін атқарған.