Президент КДР басшысын марапаттады

Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конго Демократиялық Республикасымен достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін осы елдің Президенті Феликс Чисекедиді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы бұл күнді екі ел арасындағы тарихи сәт деп атап өтті. «Бүгінде Конго Демократиялық Республикасы – Қазақстанның Африкадағы сенімді серіктесі, екеуін достық пен өзара құрмет біріктіреді», – деді Президент. Сонымен қатар келіссөз нәтижесінде саяси, экономикалық және мәдени бағыттарда маңызды уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты. Сондай-ақ Феликс Чисекедидің елін дамытудағы еңбегін жоғары бағалап, оны халқының қолдауына сүйенген нағыз көшбасшы деп атады. Ал Қазақстан Конго Демократиялық Республикасының бастамаларына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Конго Демократиялық Республикасы айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, халықаралық сахнада беделін нығайтуда. Еліңіздің экономикасы өсіп келе жатыр. Сіздің бастамаңызбен түрлі салада тың жобалар табысты жүзеге асуда. Бұл жетістік – сіздің арқаңыз. Сіздің басшылығыңызбен еліңіз бұдан да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенемін. Осы мақсат-мұраттарға жету жолында Қазақстан еліңізді қолдауға дайын. Сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – қазақ елінің сізге деген ерекше құрметі және шынайы ризашылығы, халқыңызға көрсеткен ыстық ықыласы. Сіз Африка елдерінің жоғары басшылары арасындағы осындай құрметті марапат алған тұңғыш саясаткер болдыңыз.

Ал Конго Демократиялық Республикасының Президенті марапатқа лайық көргені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, жемісті ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайын екенін атап өтті.

Феликс Чисекеди, Конго Демократиялық Республикасының Президенті:

- Халықтарымыз арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерімді саламын. Өз елімнің, сондай-ақ тұтас Африка құрлығының мүддесіне сай келетін ықпалдастықтың жаңа бағыттарын іздеп, оны одан әрі дамытуға ұмтыламыз. Орталық Азия өңірі әзірге Африкаға аса таныс емес. Сондықтан бүгінгі және болашақтағы ынтымақтастығымыз қос құрлық арасындағы байланыстар тарихында маңызды кезең болатынына сенімдімін.