АҚШ пен Украина барлау ақпаратын алмасуды қайта бастады

Жаңалықтар

Мұны Дональд Трамп өзі сұраққа жауап беру барысында айтқан.

ВВС де АҚШ пен Украина арасында барлау ақпаратын алмасу қалпына келгенін нақтылап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

АҚШ президенті Сауд Арабиясында америкалық және украиндық шенеуніктердің алдағы келіссөздерінен жақсы нәтиже күтетінін жеткізіп отыр.

"Ақпарат алмасуды қайта бастауды қарастырып жатыр ма?" деген сұраққа Трамп "Біз мұны жасадық" десе, Сауд Арабиясындағы келіссөздерге қатысты "Осы аптада үлкен жетістіктерге жететінімізге сенемін" деген сыңайда жауап берген.

Еске салайық, Киевпен барлау мәліметтерін алмасудың тоқтатылуы өткен аптадағы америкалық әскери көмектің аяқталуымен байланысты еді.

Бұған дейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио АҚШ Украинаға кейбір барлау деректерін беруді тоқтатқанына қарамастан, Вашингтон Киевке Ресей шабуылдарынан қорғану үшін қажетті ақпаратты жеткізіп отырғанын хабарлаған болатын. Ол сондай-ақ Илон Масктың SpaceX компаниясына тиесілі Starlink спутниктік байланыс жүйесіне Украинаның қолжетімділігі ешқашан тоқтамағанын, қауіпке ұшырамағанын айтты.